Қыздарға арналған қарапайым кеңестер
Бүгін біз қыз-келіншектерге арналған қарапайым кеңестерді ұсынып отырмыз. Күнделікті үй шаруасында, жұмыста қажет болатын қарапайым кеңестер арқылы кез-келген шаруаңызды оп-оңай шеше аласыз деген ойдамыз.
✅ ЕТІГІҢІЗ ТАР БОЛСА…
Қыс келді. Жаңа аяқ киім сатып алған шығарсыз? Құтты болсын! Ал, жаңа етіктің біраз уақытқа дейін аяқты қысып, мазаны алатыны бар. Бұл мәселеден қалай айналып өтуге болады? Оның жолы оп-оңай. Ол үшін дымқыл “нәскидің” үстінен жап-жаңа етігіңізді киіп алыңыз. Аяғыңызға тарлық еткен жерлеріне көбірек салмақ салып, фенмен кептіре бастайсыз. Кеуіп, суыған соң аяғыңызға киіп көріңізші, шап-шақ әрі қыспайтын болады.
✅ ЙОГУРТТЫҢ ҚОРАБЫ ДА КӘДЕГЕ ЖАРАЙДЫ…
Киім-кешекке қатысты тағы бір кеңес. Таңертең сабаққа, жұмысқа асығып бара жатқанда қай киіміңізді таба алмай жүретінін білесіз ғой? Иә-иә нәски. Тартпаларда араласып жататын нәскидің екінші сыңарын табу кейде айқай-шуға ұласып жататыны бар. Нәскилеріңізді даққа салып қоюды жақсы әдетке айналдырғыңыз келсе, йогурттан қалған қалбырларды қоқысқа лақтыруға асықпаңыз. Шкафтың тартпаларына әдемілеп орналастырып, ішіне нәскилерін салып қойсаңыз, таңертеңгілік қарбалас азаяды
✅ АЯҚ-КИІМІҢІЗДЕН ЖАҒЫМСЫЗ ИІС ШЫҚСА…
Гигиена ережелерін ұстансаңыз да, аяқ киіміңізден жағымсыз иіс шыға ма? Одан құтылудың жолын бірге іздейік. Біріншіден, аяқ киімді жақсылап сабынмен жуып алған жөн. Ұлтарағы мен бауларын бөлек кірін кетіріп жуыңыз. Иіс кетпеген жағдайда аяқ киімнің ішкі жағын сірке суы, не сутегі тотығы малынған мақтамен сүртіп шығыңыз. Дауаны бірнеше рет қайталауға болады. Иіс тым сіңіп кеткен аяқ киімнің ұлтарағын ауыстыруға болады. Жаңа ұлтарақтың ауа өткізу қабілеті де жақсы болмақ, демек бұл да аяқ киімнен жаман иіс шығудан сақтайды.
✅ ҚЫСҚАТОЛҚЫНДЫ ПЕШТІ ТАЗАЛАЙЫҚ
Енді асханаға көшейік. Қысқатолқынды пеш. Өте қолайлы, ыңғайлы, жақсы көмекші. Бірақ кейде оны тазалау қиынның қиынына соғып жатады. Не істеу керек? Мына қулықты жасап көрейік. Пештің ішіне су құйылған шыны табақты қояйық та, ең жоғарғы температурасына қойып, 3 минут қыздырайық. Суға ас содасын салсаңыз тіпті жақсы. Су ысып, пештің іші буланып, қаспақтар жібіп шыға келеді. Дымқыл сүрткішпен сүртіп алу ғана қалды.
✅ ШӘУГІМДІ ҚАҚ БАССА…
Іші қайнаған судың қағына толы ма? Оны тазарту да қиын емес. Мәселен дүкеннен кәдімгі Coca-Cola сусынын сатып алыңыз да, шәугімге құйып қайнатсаңыз болғаны, қабырғасындағы қақ бұрын болмағандай тазарып шыға келеді.
✅ ҚҰЙМАҚ ПІСІРЕЙІК
Құймақ пісіргенді ұнатасыз ба? Кейде құймақты табаға жұқалап құйып, пісіріп алу айтарлықтай қиындық туғызады. Ол үшін құймақтың сұйық қамырын бөтелкеге құйып алыңыз. Ожаудан гөрі бөтелке аузынан даққа құйылады әрі жұқа болады. Сондай-ақ бұл әдіспен сіз ерекше оюлы құймақтарды жасай аласыз. Гүл, көбелек сияқты. Қысқасы қиялыңызға ерік беріңіз. Ал артылып қалып бара жатса сол ыдысында тоңазытқышта сақтау да оңай.
✅ ҚАМЫР АШЫТАЙЫҚ
Нан жауып, бәліш пісіріп туған-туыстарды қуантқанды бәріміз жақсы көреміз. Ал қамыр жақсы көтеріліп, нан дәмді болу үшін не істеу керек? Ол үшін қамыр илеп жатқанда картоп крахмалын қосып жіберіңіз. Нан ұзақ уақытқа дейін жұмсақ әрі дәмді болып сақталады. Сондай-ақ қамыр илейтін суға жарты стақан газдалған минералды суды ас содасының бір шымшымымен араластырсаңыз да қамырыңыз жақсы көтерілетін болады.