✅ Ренішті іште сақтама ✅
Реніштің себептері тым көп болуы мүмкін. Жақын тартып жүрген досыңыздың қатты кетіп қалжыңдауы, танысыңыздың сыртыңыздан өсек таратып, тіл жүгіртуі, біреудің тым қатты шығып кеткен дауысы.
Әркім болмысына қарай түрлі нәрселерге ренжи береді. Кейбір азаматтардың өкпелей қоюы қиын болса, енді бірі абайсыз айтылған азғантай сөз үшін өкпесі қара қазандай болуы мүмкін.
Біз өкпе мен реніштен құтылудың жолдары мен тәсілдері туралы айтатын боламыз. Бұл неге керек дейсіз бе? Әңгіме мынада. Ішіңізде пайда болған өкпе мен реніштің ешкімге зияны жоқ болып көрінсе де оның тигізетін кері әсері тым үлкен. Ең алдымен өзіңізге.
Алда мақсатыңыз бар, өсіп-өркендеп, дамуды мақсат қылған адам болсаңыз, жүрегіңізде пайда болған өкпе сізді алға тартудың орнына кері кетіріп, құлдырата түседі. Яғни жүректегі сол бір жара сізге жүк болып, алға жылжуға мұрша бермейді.
Қарапайым логикаға салсақ, бізге зиян келтіретін нәрселерден құтылудың жолын іздеуіміз керек. Яғни іште ренішті сақтамаудың тәсілдерін қарастыру керек. Себебі сыртқа шықпаған, көңілдің көлеңкесінде қалып қойған у бізді ішімізден жегідей жеп, құрта бастайды.
Алдымен өкпелетушінің мотивтерін түсінуге тырысқан жөн болады. Егер ол адам сіздің кемшілігіңізді айта отырып, түзегісі келген болса, оған ренжудің еш бір реті жоқ. Жылатып айтқан достан артық жолдастың болмайтынын түсіну керек. Бұл жағдайда сезіміңіз бен ойыңызды қайта қарастырып алған жөн болады деп ойлаймын.
Тағы бір момент. Өкпелетуші сол ісі арқылы сізді төменшіктетіп, түрлі айла-тәсілдер арқылы өзін жоғары көрсетуді мақсат қылуы мүмкін. Мұндай жағдайда осы туралы өз ойыңызды бүкпесіз жайып салған өте орынды. Біріншіден негатив іште қалмайды. Екіншіден ол пендені орнына қойып, өз ойыңызды ұқтырасыз. Бұл әрекет болашақта ренжісуге әкелетін іс-қимылдардың қайталанбауына себеп болады.
Сөзіңіз пенденің көкейіне жетпесе, онымен араласудан бас тартқан дұрыс.
Қысқасы, реніш пен өкпені іште сақтама. Негативтен арыл.